- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев пен Әлиев...
Тоқаев пен Әлиев кездесуде не талқылады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев кездесуде Физули қаласында салынатын жаңа орталықты талқылап, Әлиевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тоқаев Әлиевке алғыс айтты
Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
"Ең алдымен, бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл - Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрманғазы атындағы орталық салынады
Жеке кезесуде екі ел президенттері Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығының салынуын талқылады. Тоқаев қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын айтты.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуге келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Тоқаев 90-жылдары Әзербайжанмен арадағы проблемалар туралы айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуінде 90-жылдары мемлекеттер арасында болған проблемалар бүгінде кішкене әрі елеусіз болып көрінетінін атап өтті.
"Ол кездер есімде, сіздің де есіңізде болар, 90-жылдары мемлекеттер арасында бүгінгі көзқараспен қарағанда кішкене, елеусіз болып көрінетін проблемалар болған. Бірақ олар болды. 8 миллион доллар қарыз мәселесін талқылағанымыз есімде. Осындай мәселе болды, есіңізде ме? Қазір біздің ынтымақтастығымыз стратегиялық сипатта деп бекер айтқан жоқпыз. Бұл жай ғана айтылған сөздер емес", - деді Тоқаев кездесуде.
"Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді"
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады.
"Құрметті Ильхам Гейдароғлу, бүгін мен сіздің еліңізге ресми сапармен келіп отырмын. Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды. Менің сапарымның бағдарламасында сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары "Алтын Қыран" орденімен марапаттау рәсімі де қарастырылған.
Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ретінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жеткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген адам ретінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттықтадым.
Сіз мемлекеттеріміздің көпжақты, көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосып келесіз. Барша қазақ халқының атынан құрмет белгісі ретінде бүгін сізге "Алтын Қыран" орденін табыс еткім келеді", - Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің ерекше құрметіне Ильхам Әлиев алғысын білдірді.
"Біз үшін бауырлас ел Қазақстанның ең жоғары орденімен мені марапаттауды қажет деп санағаныңызды мақтан тұтамын. Мен өз тарапымнан алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасымызды дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасаймын.
Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет - Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді.
Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой.
Сіз жүзеге асырып жатқан реформалар курсын толық қолдайтынымды тағы бір рет айтқым келеді. Сіз жүргізіп отырған саясат Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне толық жауап береді. Алға қойған мақсаттарыңыздың бәрі орындалатынына сенімдімін", - деп жауап берді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек