- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев педагогтерге алғыс...
Тоқаев педагогтерге алғыс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне қатысушыларды құттықтап, алғыс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының құттықтауын премьер-министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқыды.
"Сіздерді білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл - еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды бас қосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім-білімнің жеңісі екені сөзсіз. Ұлағатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы "Мектептің жаны - мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болады" деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты. Жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру - аса маңызды міндет. Осы жауапты істі абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін", - делінген Тоқаевтың құттықтау сөзінде.
Президенттің құттықтау сөзінде мемлекет білім саласының өркендеуіне әрдайым баса мән берілетіні айтылды. Елімізде жастарымыздың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
"Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынып жатыр. Арнайы заң қабылданып, педагогтердің мәртебісі құқық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылып жатыр. Осындай қолдау шаралары болашақта да жалғаса береді", - делінген Тоқаевтың құттықтау сөзінде.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек