Тоқаев Пашинянмен қандай келіссөздер жүргізді?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.

– Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды. Ширек ғасыр ішінде екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, үкіметтер мен парламенттер арасында байланыс орнады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің Ереванға сапары Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар.

Никол Пашинян Қазақстан Президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері, ал келесі жылы Арменияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Жалпы, бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін, – деді Армения Премьер-министрі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

 

Қазақстан Президентінің Ереванға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім;
  3. 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  4. Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының авиациялық биліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімінің аппараты мен Армения Республикасы Армавир облысының Әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасының Шымкент қаласы мен Армения Республикасының Ванадзор қаласы арасындағы ынтымақтастық және бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасы;
  9. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Армения Республикасының Жоғары технологиялық индустрия министрлігі арасындағы ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Астана мен Ереван арасындағы бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!