Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылғанын еске салды.
"Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ, еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жыл ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажет заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды.
"Парламент мемлекетіміздің басты өкілді органы қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды", - деді Тоқаев.

"Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалық маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалық қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажет реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар", - деді Президент.
Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден аса өте маңызды заң қабылданған.
"Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Парламенттің атауын Құрылтай деп өзгерту ұсынылды. Бұл туралы жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде хабарланған болатын.
15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өтті. Ресми мәліметке сәйкес дауыс беруге қатысқандардың басым көпшілігі конституциялық реформаны қолдаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова