Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда болашақ Парламенттің атауына қатысты пікір білдірді.
"Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атау беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы еліміздің саяси жүйесінде құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын. Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болған.
"Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз - шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар, білікті мамандар отыруға тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек", - деді Тоқаев.
Еске салайық, 19 қаңтарда Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова