Тоқаев Парламент жүйесінде болатын өзгерістер туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ" атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба, Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы елімізге сапармен келгені үшін меймандарға ризашылығын білдірді.

"Біз басқа мемлекеттердің озық конституциялық саясатымен бірге Венеция комиссиясының шешуші рөлін және оның үлгілі заң тәжірибесін бағалаймыз. Бұл – демократия институттарының дамуын айқындау және адам құқығына кепілдік беру ісіндегі басты бағдарымыз. Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толды. Осы орайда бұл құжаттың жаһандық сын-қатерлер кезіндегі әлеуметтік үйлесімді, тұрақтылық пен қарқынды дамуды қамтамасыз ететін негізгі қызметін атап өткім келеді", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына жуырда Қазақстан халқына арнаған жолдауының мән-мазмұны жайында мәлімет берді.

"Жолдауда біздің жаңғыруға, инновацияға, орнықты дамуға, ғаламдық күн тәртібіндегі Қазақстанның беделін нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ілгерілетуге қатысты ұстанымымыз көрініс тапты. Шетелдік серіктестеріміздің осы басымдықтарды айқын түсінгені өте маңызды деп санаймын. Басты мақсат – Қазақстанды технологиялық тұрғыдан озық елге айналдыру. Сондықтан жасанды интеллектінің қолдану аясын кеңейту және жаппай цифрландыру жаңа ұлттық идеяға айналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.

"Ашығын айтқанда, бұл реформа саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты сақталады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсыныс бұл тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсетеді. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп қабылдау қажет. Сол себепті мен саяси жоспарларымыз туралы алдын ала айтамын. Бұған дейінгі реформалар кезінде де, АЭС құрылысына қатысты референдум өткізгенде де осы ұстанымнан айныған жоқпыз", – деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік конституциялық қадағалау органдарымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтып, алдағы форум жұмысына табыс тіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз