Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ консультативтік кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі отырыстың символдық мәні ерекше екенін айтты.
"Осы жылдар ішінде тұтас дәуірді қамтыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қатар, жемісті жолды еңсердік. Егемендігімізді нығайтып, дамудың төл моделін қалыптастырдық. Халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие болдық. Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан - Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы. Ең бастысы, бауырлас халықтарымыздың парасаты мен ынтымақ-бірлігінің арқасында бейбітшілік пен келісім орнаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ортақ стратегиялық тірегімізге айналды. Бұл үрдістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, халықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшыраған тұста өте өзекті", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Консультативтік кездесуге қатысушыларға өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
"Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Көлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард доллар болды. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын айтты.
"Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтеді.
"Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Кейінгі жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныс артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті", – деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова