Тоқаев Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады

Тоқаев Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойы аталып өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың асыл мұрасына айналып, әлемге кеңінен танылды. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасы жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз", - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтауында.

Алматы әкімі Олжас Сүлейменовке әдебиетті, қоғамдық ой мен ядролық қаруға қарсы қозғалысты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс білдірді. Ол қаламгердің бастамасымен құрылған "Невада-Семей" қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналып, Семей ядролық полигоны жабылуында маңызды рөл атқарғанын жеткізді.

Олжас Сүлейменовтің есімі тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылған. Ол әдеби мұрасымен ғана емес, белсенді қоғамдық-саяси қызметімен де әлемге кеңінен танылды. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, көп таралыммен жарық көріп, оқырман қауымның сұранысына ие болып келеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget