Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Дженсен Хуангқа нәтижелі кездесуі мен жасанды интеллект мәселелерін талқылағаны үшін алғыс айтты. Бұл туралы Президент X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Дженсен Хуангқа Ақордадағы нәтижелі кездесуі мен жасанды интеллектті дамыту және оны Қазақстан экономикасында, әсіресе ауыл шаруашылығында қолдану мәселелерін талқылағаны үшін алғыс айтамын. Сіздің идеяларыңыз бен кеңестеріңіз біз үшін үлкен практикалық маңызға ие", - делінген жарияланымда.
Еске салайық, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада NVIDIA компаниясының президенті Дженсен Хуангты қабылдаған болатын.
NVIDIA басшысы Президенттің жаңа индустриялық революцияның басында Қазақстанды AI-ұлтқа — жасанды интеллектті дамыту мен оны жаппай енгізуге бағытталған мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Сонымен қатар, Дженсен Хуанг Қазақстанды әлемдік Physical AI хабына айналдыруды ұсынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz