- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев неміс инвесторлары...
Тоқаев неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша консорциум құруды ұсынды
Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді., - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше құрмет көрсеткені үшін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцке ризашылығын білдіріп, еліміздің Еуропа Одағындағы негізгі серіктесі – Германиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша мән беретініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қадам ретінде жеке неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты Жұмыс тобының қолдауымен Шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды.
Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде "жасыл" сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді.
Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан "жасыл" сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне аударды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан