Президент Қасым-Жомарт Тоқаев неге жаңа облысқа Абай атауы берілгенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке. Бұл - қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені.
Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей - ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл - Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір", - деді ол.
Сондай-ақ, Президент халық қалауын ескергенін, жеке облыс құру туралы шешім қабылдағанын айтты.
"Мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым.
Бұл қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады.
Бұл шешім - шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық", - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!