Тоқаев Мирзиёевті орденмен марапаттады

Президент Өзбекстан басшысын "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады", - делінген хабарламада. 

Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.

– Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде, – деді Президент.

Айта кетейік, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. 

Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.

– Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз