Президент Министрлер кабинетінің жұмысына қаншалық көңілі толатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты.
- Сіз былтырғы сұхбатыңызда "Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ "алмақтың да салмағы бар", олар өздеріне қойылатын талап та күшейетінін түсінуге тиіс" деген едіңіз. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, міне, 11 ай өтті. Меніңше, бұл - белгілі бір пайым жасауға жеткілікті мерзім. Министрлер кабинетінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
- Үкіметтің міндеті - экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар.
Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл - өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш - азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.
Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!