Тоқаев министр Қарабаевқа сөгіс жариялады

Тоқаев министр Қарабаевқа сөгіс жариялады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Отырыс барысында көлік министрі Марат Қарабаев пен бірқатар орталық мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалды. Мемлекет басшысы өз сөзінде көлік саласындағы жағдайды сынға алды. Оның айтуынша, бұл саладағы жаңғырту жұмыстары жүйелі проблемалар мен жоспарлардың орындалмауына байланысты тежеліп отыр.

Тоқаев шекарада жүктерді өткізу мәселелерінің қиын екенін, көптеген өткізу бекеттерінің қанағаттанарлықсыз күйде екенін және ірі инфрақұрылымдық транзит жобаларының кестеден қалып жатқанын атап өтті.

Президент "жасыл дәліздерді" ұйымдастыру мен еліміздің логистикалық артықшылықтарын тиімді пайдалану аса маңызды екенін айтты. Оның пайымдауынша, жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан өзінің бәсекелік артықшылықтарын сақтап қана қоймай, оларды күшейтуге тиіс.

Мемлекет басшысы жүк тасымалын арттыру үшін авиаотын нарығын қамтамасыз ету қажеттігін де айтты. Сондай-ақ, Тоқаев әлемдік жеткізу тізбектеріне ену арқылы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту міндетін қойды. Бұл – мультипликативті тиімділікке қол жеткізудің маңызды қадамы ретінде көрсетілді.

Отырыс қорытындысында атқарылған жұмыстардағы олқылықтар үшін Президент көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады. Сонымен қатар ол көлік-логистика саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған нақты және тиімді шараларды қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге берілетін тәртіптік жазалар мынадай: сөгіс,
қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымдық қызметін төмендету,
қызметтен босату.

Егер мемлекеттік қызметшіде бұрын берілген жазасы алынбаған болса және ол қайтадан тәртіп бұзса, оған қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту беріледі немесе лауазымы төмендетіледі. Егер бұл тәртіп бұзушылық тағы қайталанса, қызметінен босатылуы мүмкін.

Сәуір айының басында Президент Марат Қарабаевты жеке қабылдап, азаматтардың жүріп-тұру жағдайын жақсарту, Орталық – Батыс автожолының құрылысын жеделдету, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін кеңейту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және көлік саласына инвестиция тарту бойынша тапсырмалар берген еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget