Тоқаев мерекеге орай әйелдер қауымын құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент нәзік жандыларды көктемнің шырайлы мерекесі - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

"Бұл мейрам - мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел - тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл - ақиқат. "Бесікті де, әлемді де тербеткен" әйелдің жүрегі - ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде сіздерге және Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және алғысымды айтамын. Халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға "Ана" сөзін қосып, "Отан Ана", "Жер Ана", "Ана тілі" деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз "Атадан өсиет, анадан қасиет" деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты орындау - ұрпақтар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлтымыздың болмысы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбиесімен дариды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, әйел - ұлттың жан-дүниесі, олар - шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны.

"Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады. Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте нәзік жанды деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігінің арқасында ерлікке парапар іс атқарады. Адамзаттың көркем жаратылысы саналатын әйелдер нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында. Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек қателеспейміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі - әйелдер. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар, прокуратура, ішкі істер, қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан аса әйел еңбек етеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!