- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев: Мемлекеттік аппарат...
Тоқаев: Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осындай алқалы жиын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Себебі, бизнес саласы – ұлттық экономиканың негізгі тірегінің бірі. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беріп отыр. Біз қазір Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға кірістік. Бұл – баршамызға ортақ жұмыс, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды қадам. Осы жұмысқа кәсіпкерлеріміз белсене атсалысуы қажет. Сондықтан, біз бүгін бизнес саласында қордаланған мәселелерді талқылаймыз. Алдағы міндеттерді айқындап алуымыз керек", - деді Тоқаев.
Тоқаевтың сөзінше, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс.
"Баршаңызға мәлім, мен Жолдауда елімізді одан әрі дамытуға арналған тың тәсілдерді ұсындым. Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен, кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс", - деді Президент.
Президент сонымен бірге мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек екенін айтты.
"Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Тағы да ерекше атап өткім келеді. Көмектесуі керек.
Ал кәсіпкерлер "шағымданушы" немесе "қолдауға мұқтаж" рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс. Жеке капиталды қорғау деңгейінің осалдығы, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы, бағаның нарыққа қайшы жолмен белгіленуі және шамадан тыс реттеу тетіктері – бизнесті толғандыратын мәселелер мұнымен бітпейді. Кәсіпкерлердің соттарға, құқық қорғау және салық органдарына, жергілікті билікке қатысты шағымдары азаймай тұр. Бұл ретте бизнес тарапынан да салықтан жалтару, капиталды жылыстату, мемлекеттік қолдауға ие болған кезде алаяқтық жасау фактілері жиі ұшырасады. Еңбек ұжымдарының құқығын таптау жағдайлары да кең таралған. Осының салдарынан екі тарап әрдайым бір-біріне сезіктене қарап, кінә артуға дайын тұрады", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан