- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Марат Ахметжановты...
Тоқаев Марат Ахметжановты қабылдады
Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президентке өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берілді.
Марат Ахметжановтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінде, көлік қызметі мен байланыс саласында оң динамика байқалады. Сонымен қатар облыс әкімі экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қолға алынған шаралар туралы айтты. Агроөнеркәсіп саласында дәнді дақылдардан 5 миллион тоннадан астам өнім алу көзделіп отыр. Мемлекеттік қаржы институттарының қолдауымен 7 ірі тауарлы сүт фермасы салынуда. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Жалпы, облыс экономикасына 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Өңірдің инвестициялық портфелінде 187 жоба бар. Олардың аясында 1,7 мың жұмыс орны ашылмақ. Облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру мақсатында Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылды. Әлеуетті инвесторларды тарту және оларға "бір терезе" қағидасы бойынша қолдау көрсету үшін елордада Aqmola invest инвестицияларды дамыту орталығы ашылды.
Президентке су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарды қолдау шараларының орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде 711 үй толық жөндеуден өтті. 331 үйдің құрылысы жүріп жатыр, 221 тұрғын үй сатып алынған. 1782 отбасыға бір реттік көмек берілді. 814 отбасының мүлкіне келген залал өтелді. Жабай және Қылшақты өзендерінің арналары тазартылып, айналма каналдар салынып жатыр. Сонымен қатар жағалауларды нығайту жұмыстары қолға алынған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайындық, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және облыс орталығын абаттандыру туралы баяндалды. Көкшетау қаласының тұрғын үй қорын жаңғырту және жаңарту үшін 150 ескі үйді бұзу, сондай-ақ 32 көппәтерлі үй салу жоспарланған. Биыл 2 мыңнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарады. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында жалпы ұзындығы 26,4 шақырым болатын жылу желісі жөнделіп жатыр. Бұл желілердің тозу деңгейін орта есеппен 4,2 пайыз төмендетуге мүмкіндік береді. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы аяқталады. Оның төртеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі. "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы бойынша 43 мың тұрғынға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Кездесу соңында Президент Ақмола облысының стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы өңірдің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынына назар аударып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, соның ішінде егін жинау науқанын уақтылы әрі сапалы атқару маңызды екенін атап өтті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан