Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Қызылорда - Сексеуіл, Ұлғайсын - Сексеуіл және Бейнеу - Сексеуіл жолдарының құрылысын бастап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.

"Жол – тіршіліктің күретамыры". Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз - Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру - алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр "Достық - Мойынты" темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ, Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.
"Былтыр еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, ал келесі жылы Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, көлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Кейінгі жылдары Қазақстанда тасжолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі жоба табысты аяқталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Қарағанды – Алматы, Орталық – Оңтүстік, Атырау – Астрахан, Талдықорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда көлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық көлік жүреді. Былтыр 13 мың шақырым жол салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында жолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.
"Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен Жезқазған – Қарағанды жолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар, еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді", – деді Президент.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова