Тоқаев маңызды жолдардың құрылысы қашан аяқталатынын айтты

Президент Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының пікірінше, басты мақсат - елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру.

Сонымен қатар, Президент жалпы ұзақтығы 774 шақырым болатын Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

"Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан аса жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері, енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат - елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы көлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру - маңызды міндет. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады.

"Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажет жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!