Президент аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуын аса күрделі мәселе деп атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сарапшылар таза судың тағы бір көзі бар дейді. Бұл – Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты сулары. Оны игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, оның экономикалық тиімділігін зерттеу қажет. Сарапшылар Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тартуды ұсынып отыр. Су құбырының ұзындығы шамамен 1400 шақырым болады, су өткізу мүмкіндігі – күніне 170 мың текше метр. Сол арқылы 1,2 миллион адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Ақтау қаласындағы су құбыры желісі әбден тозған, тозу көрсеткіші – 77 пайыз. Соның кесірінен судың 16 пайызы ысырап болып жатыр", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы су құбыры мен кәріз желісі қаншалық тозғанын айтты.
"Су құбыры Ақтауда жаңа айттым, 77 пайыз, Жаңаөзенде 59 пайыз тозған. Кәріз желісі Ақтауда шамамен 76 пайыз, Жаңаөзенде 72 пайыз тозған. Бір сөзбен, нақты шаралар қолға алынуы керек. Ал шалғайда тұратын малшылардың өз бетімен құдық қазуы туралы бастамасына келсек, бұл – жалпы құптарлық іс. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қажет деп отыр. Кемінде 50 малшы суға қол жеткізеді екен. Қолдауға болады деп ойлаймын. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкіммен бірлесіп, бұл мәселені пысықтауы керек", - деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!