Мемлекет басшысы Мальтаның сыртқы істер министрі Иан Борчты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Мальтаның сыртқы, еуропалық істер және сауда министрі Иан Борчпен кездесуі барысында екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ, ЕҚЫҰ аясындағы ықпалдастықтың жай-күйі талқыланды.
Мемлекет басшысының айтуынша, ЕҚЫҰ қауіпсіздікке төнетін қазіргі сын-қатерлер жағдайында біздің аймақта және одан тыс жерлерде барлық үш өлшем бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында бекітілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан барлық тараппен тығыз ынтымақтастық жасауға бейілді екенін растады.
"Біз осы ізгі мақсаттарға жету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға, сондай-ақ жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ұйымға төрағалық етіп отырған Мальтамен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайынбыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мальта Президенті Мириам Спитери Дебоноға ізгі тілегін жолдап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға және Қазақстан мен Мальта байланыстарына тың серпін беруге әзір екенін жеткізді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз