Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронға Майотта архипелагында болған жойқын тайфун салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жеделхатта қайтыс болған азаматтардың жақын-жуықтарына олардың қайғысына ортақтаса көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Францияның Майотта архипелагында тайфун болып, желдің екпіні сағатына 225 шақырымға дейін жетті. Мұндай табиғи апат 90 жылда алғаш рет болып отыр.
Циклон демалыс күндері аралдарға соққы берді. Төртінші санатқа жатқызылған дауыл ағаштарды тамырымен жұлып, көліктерді аударып тастады. Ураганға ғимараттар да төтеп бере алмады. Ең кедей халық, лашықтарда тұратындар, ерекше ауыр зардап шекті. Эвакуациялануға үлгермегендер үстелдердің астына тығылып, аман қалуға тырысты.
Қазіргі уақытта құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ресми деректер бойынша қаза тапқандар саны 14 адам, ал жараланғандар саны 250 адамды құрайды. Бірақ бұл сан айтарлықтай өсуі мүмкін. Аралдарда 100 мыңнан астам заңсыз мигранттар бар, олар еш жерде тіркелмеген. Айтпақшы, Майотта халқының 75%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді: мұнда әрбір үшінші адам жұмыссыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!