Тоқаев Қытайдың Қазақстандағы елшісін қабылдады

Тоқаев Қытайдың Қазақстандағы елшісін қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасайтын алдағы сапарына дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Тяньцзинде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және "ШЫҰ плюс" отырысына қатысу бағдарламасы пысықталды.

Президент еліміздің Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге баса мән беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы ШЫҰ саммиті табысты өтіп, Ұйым тарихының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Бұл өңірлік сан қырлы байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Елші қазақ-қытай қарым-қатынасын барлық салада нығайтуға тың серпін беретін Бейжің мен Тяньцзиндегі іс-шараларды нәтижелі өткізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасы қарастырылды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан
Logotype Massaget