Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші "Орталық Азия - Қытай" саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тоқаев Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды бағыттарын айтты. Төменде Президенттің саммитте сөйлеген сөзін ұсынамыз.
БІРІНШІ. Тауар айналымын арттыруымыз керек.
"Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар"
ЕКІНШІ. Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті.
ҮШІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуымыз қажет.
Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза "Бір белдеу – бір жол" бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.
ТӨРТІНШІ. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек.
Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы елдер бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл - қуанышты жағдай.
БЕСІНШІ. Энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар. Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы "Атырау – Кеңқияқ", "Кеңқияқ – Құмкөл" мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр.
АЛТЫНШЫ. Ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту керек.
Қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұр. Сондықтан біз осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түскеніміз жөн. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз.
ЖЕТІНШІ. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдаланған жөн.
Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.
СЕГІЗІНШІ. Мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамыту қажет.
Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі.
Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!