Тоқаев: Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірмеген

Тоқаев: Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірмеген
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен тату көршілік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы саясатында достас елдермен ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз көршілес мемлекеттермен достықты нығайтуға ерекше мән береміз. Ресей – негізгі стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Қытаймен қарым-қатынастың тарихи тамыры тереңде жатқанын айтып, екі ел арасындағы достықты жоғары бағалады. 

"Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген емес және болашақта да ондай әрекетке бармайды", – деп мәлімдеді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы басқа көршілермен де тарихи және мәдени байланыстардың маңыздылығын атап өтті.

"Алатаудың баурайында өмір сүретін қырғыздар – қандас бауырларымыз. Өзбектерді ежелден туған бауырларымыз деп құрметтеп келеміз. Түрікмендер – бізге туыстас халық. Ал Каспий теңізінің жағасын бірге бөлісетін Әзербайжан халқына шынайы достық ниетіміз бар", – деді ол.

Президент Ресеймен арадағы ең ұзын құрлықтық шекараның өзара келісім арқылы демаркацияланғанын еске салып, Орталық Азиядағы басқа елдер арасындағы шекара мәселелерінің шешілуін де оң бағалады.

"Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан жылдар бойы шешілмей келген шекара мәселесі бойынша келісімге келді. Бұл – тарихи жетістік. Біз бауырлас елдер үшін қуаныштымыз", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында ел ішіндегі бірлік пен келісімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.

"Бейбітшілік пен тұрақтылық – бұл бізге тағдыр сыйлаған сыйлық емес. Бұл – халқымыздың бірлігі мен табанды еңбегінің нәтижесі", – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Биыл Ассамблеяға 30 жыл толып отыр.

Сессия барысында Президент Қазақстанда заң алдында барлық азамат тең екенін еске салып, ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған кез келген әрекетке қатаң шара қолданылатынын айтты.

"Кімнен шықса да, еліміздегі келісім мен бейбітшілікті бұзуға бағытталған кез келген арандатушылық пен өсек-аяңға жол бермейміз", – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шетелде тұратын отандастарға қатысты пікір білдіріп, барлық қазақстандықтарды "біртұтас үлкен отбасы" деп атады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget