Мемлекет басшысы Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы - Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиевті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдету мәселелері талқыланды.
"Қазір қазақ-қырғыз ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровтың Қазақстанға былтыр жасаған ресми сапары екіжақты ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтерді. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Садыр Нургожоевичке жылы лебізімді жеткізуіңізді сұраймын", – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Біздің президентіміз бауырлас Қазақстанмен достық және тату көршілік қарым-қатынасты әрдайым арттыруға зор мән беріп, қолдау білдіріп келеді. Жоғары деңгейдегі кездесулерде қол жеткізілген келісімдердің арқасында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастық нығая түсті", – деді Қырғызстан Үкіметінің басшысы.
Кездесуде Президент екі ел Үкіметтеріне жүктелген басты міндеттердің бірі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толықтай жүзеге асырылуын бақылау екенін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!