Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан қырғыз-тәжік шекарасында болған қайғылы оқиға салдарынан көптеген жауынгер мен бейбіт тұрғын қаза табуына байланысты көңіл айтты.
"Берік достық және тату көршілік қатынастарды сақтау - біздің ортақ әрі маңызды міндетіміз, сондай-ақ, өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, бейбіт өмір құру жолындағы Орталық Азиядағы барша бауырлас халықтың түбегейлі мүддесі. Қазақстан кез келген даулы мәселені тек бейбіт жолмен және саяси дипломатиялық әдістермен шешуді жақтайды", - делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті қырғыз халқына мықты рух, бейбітшілік және бақ-береке тіледі.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға және тәжік халқына барша қазақстандықтың және жеке өзінің атынан тәжік-қырғыз шекарасында болған қайғылы оқиға салдарынан көптеген жауынгер мен бейбіт тұрғын қаза табуына байланысты көңіл айтты.
"Біз бауырлас және достас мемлекеттердегі бұл қайғылы оқиға бізді қатты алаңдатады. Қазақстан аймақтағы кез келген даулы мәселені тек бейбіт жолмен және саяси дипломатиялық әдістермен шешуді жақтайды", - делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!