Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды

Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін бірқатар рәсім өткізу керек.  

"Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын", - деді Президент.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

Айбек Дәдебай туралы не белгілі?

Ол 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы осы университеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін мынадай қызметтер атқарған:

  • 2001-2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеген;
  • 2008-2011 жылдары - Парламент Сенаты аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат төрағасының көмекшісінің міндетін атқарушы;
  • 2011-2013 жылдары - Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе;
  • 2013-2019 жылдары - Парламент Сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі;
  • 2019-2021 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесі бастығының орынбасары;
  • 2021 жылғы мамыр мен 2022 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып жұмыс істеді.
  • 2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болды. 
  • 2024 жылы 6 ақпанда Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget