- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Костенко атындағы...
Тоқаев Костенко атындағы шахтада болған апатқа қатысты жедел штабтың отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады.
"Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазір апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізіліп жатыр. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады", – деді Сырым Шәріпханов.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.
"Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл - өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.
"Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газбен уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алып жатыр. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды", – деді Ажар Ғиният.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек