Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады

Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сеулде Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі "Достық" ордені салтанатты түрде табысталды.  

Мемлекет басшысы бүгінгі мән-маңызы ерекше рәсімге жиналған қауымға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей ежелден дос халықтар екеніне назар аударды.  

"Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырады. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамып жатыр. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент екі мемлекет арасында терең саяси диалог орнап, сан қырлы ынтымақтастық нығайғанын атап өтті.  

"Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеп келеді. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді", – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім барысында Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн, Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун, Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget