Тоқаев Конго президентін марапаттады

Тоқаев Конго президентін марапаттады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедиді І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент бүгін екі ел жылнамасындағы тарихи күн екенін атап өтті.

"Қазақстан Республикасы мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар тың қарқын алып келеді. Ең алдымен президент Феликс Чисекеди мырзаны Қазақстанда алғашқы мемлекеттік сапармен қарсы алу - біз үшін үлкен құрмет. Конго Демократиялық Республикасы - Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы байланыстар берік достық пен өзара құрметке негізделген. Қазақстан Конго Демократиялық Республикасымен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедидің осы игі іске қосып отырған тарихи үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, оны халқының қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастаған нағыз көшбасшы деп білетінін мәлімдеді.

"Конго Демократиялық Республикасы айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық сахнада беделін нығайтып келеді. Еліңіздің экономикасы өсіп келе жатыр. Сіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар табысты жүзеге асып жатыр. Бұл жетістік сіздің арқаңыз. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Осы мақсат-мұраттарға жету жолында Қазақстан еліңізді қолдауға дайын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының ынтымағын арттыруға, елдеріміз арасындағы достықты бекемдеуге, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Феликс Чисекедиді І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget