Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік жуу орындарында ауыз судың қолданылуын ақылға қонымсыз әрекет деп бағалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, еліміздегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін жүйелі әрі батыл қадамдар қажет. Бірінші кезекте су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалануға басымдық берілуге тиіс.
«Үкімет пен әкімдіктер желілердегі шығынды азайтып, ауыз суды мақсатсыз пайдалануды, соның ішінде көлік жуу станцияларында қолдануды болдырмау арқылы су тұтынуға бақылауды күшейтуі керек. Көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалану – әрине, ақылға сыймайтын нәрсе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформа қолға алынғанын еске салды. Оның айтуынша, басталған жұмысты қисынды нәтижесіне дейін жеткізу керек.
«Судың бағасы оның нақты құнына сай болуы керек», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Президент цифрлық құралдар су ресурстарының толық әрі нақты есебін жүргізуге, сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай