- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев қоқыс өңдейтін...
Тоқаев қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салуды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Одан бөлек, қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Онсыз қалаларымыз таза болмайды. Жалпы "Таза Қазақстан" деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады.
Біз қазір ұлт сапасын жақсартуға баса мән беріп отырмыз. Мен Атырауда өткен Құрылтайда жаңа құндылықтар қалыптастыру мәселесіне тоқталдым. Қазір мемлекет пен қоғамның арасында осыған қатысты ортақ ұстаным бар. Бұл құндылықтар оқу орындарының тәрбие жұмысына арқау болуы керек. Өкінішке қарай, қоғамда озбырлық пен қатыгездік тыйылмай тұр. Мұндай жағымсыз үрдіс, әсіресе, жастар арасында белең алуда.
Біз мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын ашық айтуымыз керек. Әлеуметтік желі балалардың мінез-құлқына кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бірақ бәрін әлеуметтік желіге жаба салуға болмайды. Білім беру жүйесінде кемшіліктер көп. Отбасы тәрбиесінде де олқылық бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс тәлім-тәрбие беруі қажет. Үлкендер өзінің күнделікті іс-әрекетімен балаларға үлгі болуы керек.
Еліміздегі балалардың бәрі қоршаған әлеммен үйлесімді, ата-анасы мен жақындарының сүйіспеншілігіне және мейіріміне бөленіп өсуі маңызды. Ол үшін, ең алдымен, отбасындағы зорлық-зомбылық сынды қараңғылықтың, моральдық деградацияның өршуін түп-тамырымен жою қажет", - деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова