- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев қоғамда тәртіп...
Тоқаев қоғамда тәртіп орнату үшін құқық қорғау қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты
Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Мемлекет басшысына Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ержан Сәденовтің айтуынша, елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендеу динамикасы сақталып отыр. Кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, қарақшылық 32 пайызға азайған. Тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендеген.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл былтырмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды.
Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары туралы баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң және Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан