Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттік қызметінің негізгі нәтижелері туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған міндеттері таныстырылды.
Президентке ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндалды. Ведомство 24 миллиард теңгеден аса қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды әшкерелеп, есірткі сатудан және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатқан 20 заңсыз криптобиржа қызметін тоқтатқан. Сондай-ақ, ТМД аумағындағы ең ірі криптосервис жойылған. Ол 20 Darknet алаңымен жұмыс істеп, 200-ден аса "наркошопты" қамтыған. 9,7 миллион долларға тең виртуалды активтер бұғатталды.
Президентке Қаржылық мониторинг агенттігі 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты, соның ішінде 3 трансұлттық топты жойғаны жөнінде ақпарат берілді.
"Бұдан бөлек 17,1 миллиард теңге сомасындағы мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекеті тоқтатылды, заңсыз темекі өнімдерін дайындаған 2 жасырын цех және суррогат алкоголь өнімдерін өндіретін 16 цех әшкереленді. Көлеңкелі айналымнан 12 миллиард теңгеге бағаланған вейп алынды. Жалпы құны 164 миллиард теңге болатын 63 инфрақұрылымдық жобадағы бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы және ауыл шаруашылығы саласындағы 11 миллиард теңгенің субсидияларын тиімсіз игеру деректері тоқтатылды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару деректері анықталды", - деді ҚМА төрағасы.
Жанат Элиманов азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғау бағытында қабылданған шаралар туралы айтты. Заңсыз микронесие беру деректері бойынша 23 тергеу ісі басталған. Оның шығыны 71 миллиард теңге болады.
"300 мыңнан аса қарыз алушының берешегін қайтару және есептен шығару жұмысы жүргізіліп жатыр, 112 мыңнан аса азаматты тартқан 45 қаржы пирамидасы таратылды, алаяқтық жобалар мен құмар ойындарға қатысы бар 31,5 мың сайт пен сілтеме бұғатталды", - деді ҚМА төрағасы.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ведомство қызметінің басты бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!