Тоқаев Кипр президентімен кездесуде бірқатар бастама көтерді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидистің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Никос Христодулидис Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі екенін жеткізді.

"Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан - Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады. Бүгін "Астана" халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Бұл орталықпен әріптестікті, әсіресе, қаржы қызметтері мен "жасыл" қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар", – деді Кипр президенті.

Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Президент Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ, сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.

Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады. Сонымен қатар, мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!