Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жеделхатта Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
"Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және өзінің атынан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ достас қытай халқына көңіл айтып, апатта жараланғандардың тез арада сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кейінгі мәлімет бойынша жер сілкінісі салдарынан 53 адам қаза тапқан. 62 адам түрлі дене жарақатын алған. Қытайдың оңтүстік-батысындағы Шигацзе қаласындағы Динжи (Тингри) уезінде магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісі болды.
Жергілікті жер сілкінісіне қарсы әрекет ету орталығының мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан 1 000-нан астам ғимаратқа зақым келген.
Қытай сейсмологиялық басқармасы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жер сілкінісі болған аймаққа жұмыс тобын жіберді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!