Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөз алғанда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар жөнінде қысқаша мәлімет берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаһандық, аймақтық және геосаяси мәселелерге қарамастан, біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр. Қысқа мерзім ішінде біз билік институттарын реформалап, Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Саяси және экономикалық жүйені қайта қарап, жемқорлыққа қарсы күресті жандандырдық. Соңғы екі жыл ішінде елімізде көп іс атқарылды. Осы уақыт аралығында азаматтарымыздың, әсіресе жастарымыздың менталитеті едәуір өзгерді. Президенттің мандаты 7 жылдық мерзіммен бір рет сайлану құқығымен шектелді. Аталған ұсыныс қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты. Бұл қағидат келешекте де өзгермейді. Біз "Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет" қағидатын берік ұстанамыз", - деді ол.
Бұл реформалардың түп негізінде әділдік, теңдік, адалдық және еркіндік қағидаттары жатыр. Тоқаевтың пікірінше, кез келген жағдайда заң үстемдігін сақтау бәрінен басым тұруы қажет.
"Саяси реформалар мен адами капиталды дамытуға жұмсалатын инвестиция ғана экономикамызды әлдеқайда мықты әрі тұрақты ететінін жақсы түсінеміз", - деді Мемлекет басшысы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!