Мемлекет басшысы Кения президенті Уильям Рутоға І дәрежелі "Достық" орденін тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты.
"Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кения президенті Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.
"Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, сізге І дәрежелі "Достық" орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова