Тоқаев “ҚазМұнайГаз“ басқарма төрағасы Хасеновті қабылдады

Тоқаев “ҚазМұнайГаз“ басқарма төрағасы Хасеновті қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асхат Хасенов ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы жөнінде есеп берді. "ҚазМұнайГаз" компаниялар тобы былтыр мұнай және конденсат өндіру көлемін 23,8 миллион тоннаға жеткізген. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3 пайызға артық.

Мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру үшін Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба әрбір кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды қарастырады.

Қаламқас-теңіз жобасын жобалау басталды, оның құны құны - 6,4 миллиард доллар; былтыр Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары басталды. Олардың мұнай қоры 800 миллион тоннадан асады.

Былтыр мұнай тасымалдау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға артып, 83,6 миллион тонна болғаны жайында айтылды.

2024 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттарында 17,44 миллион тонна мұнай өңделді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеңіл мұнай өнімдері өндірісін 2023 жылмен салыстырғанда 370 мың тоннаға ұлғайту шаралары қабылданды.

CASPI BITUM жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыру бойынша жоба қолға алынғанын жеткізді. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары басталғанын айтты. Құны 7,4 миллиард долларға бағаланған кәсіпорын жылына 1 миллион 250 мың тонна өнім шығара алады.

Маңғыстау облысында су тұшыту зауыты салынып жатқанын баяндады. Бұл кәсіпорын Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жүргізілуде.

Кездесу соңында Президент геологиялық барлау жүргізуге, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ химиясын дамытуға қатысты жұмысты жүйелі жалғастыруды тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова