Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазанда Қазақстан халқына жолдауын жариялайды. Президент бұл туралы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын жеткізіп, елде болып жатқан елеулі өзгерістерге тоқталды.
"Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі.
"Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да - ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазанда мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз