Тоқаев Қазақстанның IT әлеміндегі мәртебесі туралы айтты

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы іс-шараларға қатысқаны үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің және байқаушы мемлекеттердің басшыларына, сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтты.

"Бүгінгі кездесуіміз ерекше мәнге ие. 2014 жылы дәл осы күні бірлестігіміздің негізін қалаған шартқа қол қойылды. Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр Еуразиялық экономикалық одақ күні болып ресми түрде жарияланды. Бірлестігіміздің он жылдан аса тарихы бар. Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап өтерлік жайт, бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанына тоқталды.

"Болжамға сай 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүние жүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі сәтте бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр", – деді Мемлекет басшысы.

Жоғары кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті интеграциялық құрылымды одан әрі қарқынды дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық басымдықты атады. Сонымен қатар, еліміздің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтты.

"Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау мақсатымыздың ортақ екенін көрсеткен маңызды шешім болды. Осы саладағы белсенді ықпалдастыққа үміт артамын. Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші - Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады. Сарапшылардың пайымына сүйенсек, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірқатар жүйелі шараны қолға алды.

"Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап экожүйе қалыптасып жатыр. Елімізде 100-ден аса жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Астанада Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл - талантты бағдарлама әзірлеушілер шоғырланған орталық қана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді ойлап табатын әрі енгізетін аймақтағы басты алаң. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрландыру саласындағы жетістіктерін, мемлекеттік басқарудағы платформалық шешімдері мен заманауи тәсілдерді енгізу үлгілерін мұқият зерделейміз әрі жоғары бағалаймыз. Одаққа мүше елдердің әрқайсы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинады. Ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар, бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдерді бөлісуіміз керек. Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!