- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік көмек
Тоқаев: Қазақстанға жүздеген мың мигрант келіп жатыр, үкімет тым сақтық танытып отыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек пен масылдықтың ара-жігін ажыратты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тағы бір мәселе - мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан - шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл - азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.
Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытып жатыр. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет.
Тағы бір маңызды міндет - тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.
Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн шаршы метр). Бұл - өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн", - деді ол.
Еске салайық, Астанада Президент Қаcым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бұл жиында еліміздің 2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері баяндама жасайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лес