Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі 25 қазанда құттықтау мәтінін жариялады:
"Құрметті отандастар! Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!
Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке.
Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік.
Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр.
Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық.
Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек.
Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды.
Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді.
Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз.
Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық.
Заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар.
Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз.
Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда.
Біз Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық.
Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын!
Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!
Республика күні құтты болсын!" – делінген құттықтауда.
Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі және ол - еліміздің басты әрі жалғыз ұлттық мерекесі.
Мереке 1995 жылы белгіленді. 2009 жылы ол ресми күнтізбеден алып тасталды, бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылғы қыркүйекте Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Биыл 25 қазан жексенбіге сәйкес келгендіктен, заң бойынша ресми мерекелік демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады.
Мерекеге орай бүкіл ел бойынша ауқымды мәдени, әлеуметтік және ресми іс-шаралар өтіп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz