Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құрметті отандастар!

Баршаңызға Отан қорғаушы күні құтты болсын!

Мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптеледі.

Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн.

Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі.

Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді.

Жаңа Конституцияда "Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті" деп жазылды.

Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады.

Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін.

Антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтамын.

Барша азаматтарымызға мықты денсаулық, амандық және табыс тілеймін!

Армиямыздың айбыны, халқымыздың ынтымағы арта берсін!

Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болсын!" — делінген құттықтау мәтінінде.

Қазақстанда Отан қорғаушы күні 7 мамырда атап өтіледі. Бұл күні 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget