Тоқаев Қазақстандағы алғашқы толық цифрлы қаланың әлеуеті туралы айтты

Тоқаев Қазақстандағы алғашқы толық цифрлы қаланың әлеуеті туралы айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуды тағы бір маңызды міндет деп санайды. Бұл туралы Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде Алатау әлемдік деңгейдегі арнаулы құқықтық режимге ие, қарқынды дамитын аумақ болып бекітілді. Дүние жүзінен инвестиция тарту және Алатауды халықаралық іскерлік орталықтардың біріне айналдыру мақсатында нормативтік база жасақталды. Шаһарды Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы орталық ретінде жобалап жатырмыз. Мұндағы аса маңызды инфрақұрылым, мемлекеттік қызметтер мен қала экономикасы үлкен дерекқор, озық технология және заманауи басқару моделі негізінде жұмыс істейтін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіріледі. Digital by default қағидатына сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық үдерісі әуел бастан тек цифрлық форматта жасалады. Алатау қаласы әкімшілігінің бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тұрғындар мен инвесторлар мемлекеттік қызметтерге жүгініп, тиісті рұқсаттама құжаттарын рәсімдей алады, арнаулы құқықтық режимнің артықшылықтарын пайдаланады. Бұдан бөлек, қаладағы цифрлық активтер саласында криптовалюта биржалары мен активтерді токендеу қызметтерін реттейтін озық нормативтік-құқықтық база жұмыс істейді. Біз халықаралық инвесторларды осы бірегей юрисдикцияның артықшылықтарын жоғары технологиялық және табысты жобаларды жүзеге асыратын сенімді алаң ретінде пайдалануға шақырамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық дербестікті нығайту экономикамыздың, тіпті мемлекеттің ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше мәнге ие.

"Кеңес пен мемлекеттік органдардың тұрақты диалогы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Тиімді шешімдер әзірлеп, қажет реформалар жүргізу үшін барлық қатысушының тәжірибесі мен білімін, сарапшылық әлеуетін жұмылдырған жөн. Мемлекет пен бизнестің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестігі цифрлық экономика мүмкіндіктерін толық пайдалануға және азаматтарымыздың игілігі үшін өркендеген мемлекет құруға ықпал ететін негізгі фактор болатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget