Тоқаев Қазақстан үшін төрт басымдықты атады

Тоқаев Қазақстан үшін төрт басымдықты атады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстан үшін төрт басымдықты атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады", - деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады.

"Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұрмыз. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық саласын дамытуға тың серпін беріп, алға бастайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың IV отырысы биыл Бурабайда өтті. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:

  • І Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытау облысында өтті.
  • ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
  • ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова