Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті. Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді", - деді ол.
Президенттің сөзінше, қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал.
"Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді. Осында жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты. Дегенмен біз БҰҰ-ның 80 жылдығына таясақ та, Ұйымның алғаш құрылған кезіндегі жағдайға қайта оралуға сәл қалдық. Шын мәнінде, саяси мәселелерді күшпен шешу тұйыққа тірейді. Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр.
"Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастама мен жоспарды жоғары бағалайды", - деді Тоқаев.
Президент халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек деп есептейді.
"Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көпшілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздың ең үлкен қажеттілігі. Кеңесте "орта державалардың" және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.
Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама", - деді ол.
Тоқаев 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанын еске салды. Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек.
"Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы. Біз бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін. Өз кезегінде COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында біздің дәрменсіз екенімізді көрсетіп берді. Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастауға үндейді", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!