Мемлекет басшысы Қатардың бітімгерлік рөліне және әлемдегі көптеген жанжалды, соның ішіндегі Палестинадағы жағдайды реттеуді көздеген мәмілегерлік әрекеттеріне жоғары баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Зорлықтан тек зорлық туады. Мұның салдары Таяу Шығысқа да, басқа елдерге де ауыр тиеді. Сондықтан қақтығысты одан әрі ушықтырмау үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жағдайды ымыраласуға қарай бейімдеп, екі мемлекеттің қатар өмір сүру мүмкіндігін қарастыратын шешім табу үшін барлық мүдделі тараптар, соның ішінде өңірлік серіктестер мен әлемдік көшбасшылар айрықша күш-жігер жұмсауы керек. Бұл ретте Қатардың дамылсыз әрекеттерін, әсіресе, оның дағдарысты реттеуге және өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, қантөгіс пен қайғы-қасіретті тоқтатып, маңызды бітімгерлік процесті ілгерілетуге бағытталған белсенді дипломатиясын тағы да құптаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, Қатармен көпжақты серіктестіктің орнықты дамуы өңірдегі, әсіресе, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты.
"Қазақстан БҰҰ арналары және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Ауғанстанға көмек көрсетіп келеді. Аталған елмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан "Талибан" қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастады. Бұл қадам, сондай-ақ еліміздің Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы Ауғанстанның әлемдік қоғамдастыққа қосылуына септігін тигізеді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл ауған халқына гуманитарлық қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Орталық Азия қазір өз тарихындағы бетбұрыс кезеңін өткеріп жатыр. Өңірдегі саяси және экономикалық байланыстар едәуір жандана түсті– Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз. Ежелгі заманнан бері өркениеттердің дамуында маңызды рөл атқарған бұл өлке қазір де, келешекте де бірегей мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте біз Қатармен кең ауқымды серіктестікті дамытуға ерекше мән береміз. Былтыр Жидда қаласында өткен
"Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммиті елдеріміздің өңірішілік ынтымақтастықты дамытуға ұмтылатынын көрсетті. Жоғары деңгейдегі осы кездесудің нәтижелері саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі күшейтіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы тұрақты даму талпыныстарын қолдауға ықпал ететініне сенімдімін", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік Кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде серіктестіктерімен және бақылаушыларымен, соның ішінде Қатармен диалог жөніндегі ықпалдастықты жандандыра түсуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Президент климаттың өзгеруі және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелердің орындалу барысына тоқталды.
"Маусым айында 2-ші Астана халықаралық форумын өткіземіз. Тақырыбы – "Баянды болашақты бірге құрайық. Бұл алаң климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді көптеген өзекті проблеманы шешу үшін күш біріктіруге ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Франция Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында One Water салалық саммитіне тең төраға болмақ. Сонымен қатар Астана 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуге ниетті. Бұл да маңызды. Климат проблемасын осындай ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана шешуге болады", – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ жиында Қатар мемлекеті Консультативтік Кеңесінің төрағасы Хасан бен Абдулла Әл Ганима сөз сөйледі.
"Сіздің Қатарға алғашқы мемлекеттік сапарыңыз екіжақты қарым қатынасты стратегиялық деңгейге көтеруде өте маңызды қадам саналады. Осы ретте сіздің сапарыңыздың аясында Консультативтік Кеңеске келуіңіз екіжақты байланыстарға, парламенттік дипломатияға тың серпін береді. Біз бұл бағытта жан-жақты жұмыс істеуге дайынбыз. Екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуде Консультативтік Кеңес зор рөл атқарады. Екі ел парламенттерінің достық топтары бірлесе белсенді жұмыс істей бастайды деп сенемін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, былтыр елдеріміз өзара дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтті. Екі мемлекет басшыларының кезекпен жиі сапар жасауы қарым-қатынастарымыздың деңгейін көрсетеді", – деді Консультативтік Кеңестің төрағасы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!