Мемлекет басшысы "Қазақстан-Қытай" инвестициялық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
"Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа "алтын 30 жылдық" кезеңіне қадам басып жатырмыз. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекорд межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан аса қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп, цифрландыру, "ақылды қалалар" мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға құқықтық тұрғыдан ықпал еткен.
"Іскерлік байланыстар кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазір Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады. Ережелердің тұрақтылығына және инвестициялық қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсету сапасына айрықша мән береміз. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытаймен мәңгі достық байланыстарын нығайтуға баса мән беріп отырғанына назар аударды.
"Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар:人心齐,泰山移, яғни: "Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз". Қазақстан мен Қытай екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова